oC

Аққала ауылында ең алғаш мектеп 1923 жылы ұйымдастырылған. Ол мектеп бастауыш орыс мектебі болған. Алғашқы директоры Иван Григорьевич Захаров болды. Кейін аралас жеті жылдық мектеп болып қайта құрылған. Ол орын қазіргі Қ.Жұмалиев көшесі мен О.Құспанғалиев көшесінің қиылысында болған. Ол орында қазіргі күнде тұрғын үй бар. Осы мектепте Мұхамедияров Қаден, Оразғалиев Темірғали, Қожабергенов, Хасанов Хинаш, Шахметов Бағытжан, Есқалиев Әбіл, Мырзабаев Есмағанбет, Әжіғалиев Орынбасар, Хамитова Роза мектеп директоры болған. Қазіргі Жылысов Тілеген көшесіне 1960 жылы осы мектептің бастауыш ғимараты саман тастан тұрғызылған. 1968 жылы селолық әйелдер кеңесінің төрағасы, өнегелі ұстаз Қабдешова Әминаның ұйымдастыруымен ауыл халқы 36 000 саман тас басып, «Амангелді» атындағы совхоздың көмегімен негізгі мектеп ғимараты салынып, 1-қыркүйекте пайдалануға берілген. Совхоз малшыларының балаларының оқуына жағдай жасалып, интернат, асхана  жұмыс жасаған. 1969-1983 жылдары мектеп директоры Құлбаев Нығмет болды. Сол кезде мектептегі оқушылар саны 243-ке жетіп, мектеп жанындағы интернатта 70 бала тәрбиеленген. 1972 және 1975 жылдары негізгі мектепке қосымша екі ғимарат салынған. 1983-1990 жылдары Төремұратов Дүйсенғали, 1990-2010 жылдары Ислямғалиев Нажмеден, 2010-2012 жылдары Мурзин Заур, Измуханов Мұрат мектеп директорлары болып қызмет атқарған. 1990-1991 оқу жылында Горы сегізжылдық мектебі, Горы орта мектебіне айналдырылған. 1993 жылы 25 ақпанда Горы селосының тарихи атауы өзгертіліп, Аққала ауылы деп аталуына байланысты мектептің де атауы Аққала орта мектебі деп өзгертілген. Ардагер ұстаздарымыз: Ерубаев Ақжігіт, Әжіғалиев Орынбасар, Абдешова Зейнеп, Қабдешова Әмина, Қонақбаев Салқай, Дүйсеғалиев Хисмет, Ибрашева Күнжамила, Құлбаев Нығмет, Хафизова Бағила, Бекқалиева Сания, Уанова Балсұлу, Қидашева Қансұлу, Жанаева Қамажай, Әлиев Жеміс, Сағынова Сабила, Рамазанова Салиха, Сапарова Гүлжан, Изимова Бағдагүл, Дүйшімова Нағима, Хасанова Қансұлу, Мусина Айқын осы мектепте ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.


«Білім беру ісінің Үздігі» төс белгісінің иегері Ислямғалиев Нәжмеден мектепте психолог қызметін атқарады. Н.Ислямғалиевтің іс-тәжірибесі аудан көлемінде үнемі таратылып отырады. Сонымен қатар спорт шеберлігінен үміткер жоғары санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, еркін күрес секциясының жаттықтырушысы Кәукен Нәсіпқали мен спорт шеберлігінен үміткер екінші санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, тоғызқұмалақ секциясының жаттықтырушысы Муратов Амангелдінің шәкірттері республикалық біріншіліктерде жүлделі орындар иеленуде.


NCOC компаниясының демеушілігімен 2015 жылы қыркүйекте Аққала ауылында №47 нүктеде 120 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысы басталып, 2017 жылы 17 тамызда пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда мектепте 161 оқушы, 42 тәрбиеленуші білім мен тәрбие алса, 36 педагог, 35 техникалық қызметкер еңбек етуде.